27 October 2024
Алтай баурайындағы өткел: Шығыс Қазақстанның жаңа көпірі тұрғындардың үмітін ақтады
Алтай баурайында орналасқан ауданның халқы үшін күрмеуі қиын проблема болған өткел мәселесі бүгінде толық шешімін тапты. Шығыс Қазақстанда елдегі ең ұзын көпір салынды. Аталмыш нысан биылғы жылдың 25 қазанында ресми түрде ашылды. 60 жылдан астам аңсаған бірегей көпір енді 6 ауданды байланыстырмақ.
Бұған дейін 2019 жылы су қойманы жағалай жайлаған 4 ауданның халқы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, жылдар бойғы бұйымтайын айтқан соң, Президент көпір салуға тапсырма берген.
– Жаңа көпір мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда пароммен, қыста тікелей мұз үстімен қатынағанын білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өңірге сапары барысында.
Айта кетсек, екі жолақты көпірдің құрылысы 2021 жылы басталған. Ұзындығы – 1316 метр. 25 метрге дейін тереңдікте салынған. Көпір Күршім, Көкпекті, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан аудандарының арасында қозғалыстың толассыз болуын қамтамасыз етеді. Өткізу мүмкіндігі – тәулігіне 80 мың автокөлік.
– Студент кезімде паром тоқтаған кезде автобус мұздың үстімен жүрмейді. Бір жағадан екінші жағаға жаяу өтуге мәжбүр болатынбыз. Сол кез әлі есімде, мұздың үстіне қызыл су шығып кететұғын. Өзімізбен бірге ауыр сөмкені арқалап, екінші жағаға жеткенше тоңып, аяғымыз малмандай су болатын. Кейін де осы өткелдің талай зардабын бастан өткіздік. Талай рет паромға симай, бірнеше сағат бойы жағалауда кезек күттік. Кей кезде жағада қонып қалған кездер де болды. Осы паромға отыру үшін талай адам бір-бірімен жаға жыртысты. Әлі есімде, көктемде қатты жел соққан кезде баржамен су ортасында 4 сағат бойы жағалауға келе алмаған кездер де болды, – дейді Күршім ауданының тұрғыны Қайрат Нұрмұхаммедұлы.
Арғы жағалау мен бергі жағалауды жалғап тұрған паром 1964 жылы Ресейдің Түмен қаласында жасалған екен. 1968 жылы ол Солтүстік Мұзды мұхитты жағалай жүзіп, Ертіспен өрлеп, Бұқтырма су қоймасындағы өткелді қамтамасыз ету мақсатында Шығыс өңіріне жеткізілген. Содан бері бұл пароммен кәрі де, жас та, бәрі-бәрі әрі-бері қаншама рет қатынады десеңізші?! Есебін ешкім дөп басып айта алмайды. Бізге аяны – жарты ғасыр қатынас құралы болды. Алайда, кез келген дүние тозады.
Енді, жаңа көпір ашылуымен, бұл ұзақ жылғы қиындықтар артта қалды. Тұрғындар үшін бұл – үлкен жеңіс, тың өзгеріс.
Авторы: Аймина Фархад