2 October 2024


Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

«Бала — Ананың бауыр еті, көз нұры»

Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз әрі басты тұлға — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Осы ретте ана мен қыздың арасындағы қарым – қатынас мәселесі маңызды. «Әкесіне қарап ұлын, шешесіне қарап қызын таны» деп бекер айтылмаған. Демек ана қыз баланың тәрбиесіне негіз салушы тұлға.

Осы ретте екі қыз тәрбиеелеп отырған ана Раушан Қайратқызымен сыр – сұхбат айдарын назарларыңызға ұсынамыз.

– Раушан ханым, бұл тақырып әр ана үшін еш уақытта өзектілігін жоғалтпас. Ең алдымен сіз үшін қыз бойындағы қандай қасиеттер маңызды екенін білсек…

– Менің ойымша, қыз бала өз-өзіне сенімді әрі өзін бағалай ала білу керек. Сонымен қатар, өзгелерге көмектесіп , мейірімділік танытып, жаңашылдық пен білімге ұмтылуы қажет.

– Дұрыс айтасыз, ал осы сіз айтқан қасиеттердің барлығын қыз баланың бойына қалай сіңіруге болады?

– Ең алдымен бала сенің талабына сай болу үшін өзің де соған сай болуың керек. Бала ата – ананың айнасы емес пе? Сенің әдеттерің мен қылықтарыңды бірден қағып алады. Жалпы баламен жиі сырласу керек. Балаңыздың жан сырын тану үшін әңгіме өрбітіп, жеке уақыт бөлсеңіз, баланың сізге деген сенімі артып, қарым – қатынастарыңыз нығая түседі.

– Иә әрине, баламен тіл табыса ала білу керек. Алайда, жасөспірім кезде бұл жағдай біраз күрделене түсетінін ескергеніміз жөн. Өз тәжибереңізбен бөліссеңіз. Балаңыздың бойында жасөспірім мерзімінде қандай өзгерістер болды және оларды қалай шеше алдыңыз?

– Әлбетте менің қызымда да өтпелі кезең болды. Бұл мерзімде оның міңез құлқы аса қатты өзгерді деп айта алмаймын. Бірақ оның өзінде де кейбір қылықтарына көндім. Дегенмен де қызым бұл кезеңнен өтіп, қазіргі таңда өзін тауып, қалаған ісімен айналысуда. Ал менің ана ретінде міндетім – оған қолдау көрсетіп, әрдайым көмек қолын созу.

– Тамаша! Қыздарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Өз атымнан барша қыздар қауымына айтар кеңесім: барлық кемшіліктеріңді ұмыт. Ең бастысы өзіңнің ар-ожданыңды ойла. Үнемі белсенді және өзіңе сенімді бол. Өзгеруден қорықпа. Алға қарай ұмтыл. Жан-жақты бол. Бірнәрсеге айналсоқтай берме. Байқап көр. Өзіңді таны. Қарапайым бол. Түймедейден түйедей жасама! Сөзге емес, іске сен. Кейде бос сөз де болады. Міне айтар сөзім осы.

Раушан ханым, айтқан кеңестеріңіз шынымен де құлақ асарлықтай екен. Бүгінгі сұхбатымыз көпшілігіне өз пайдасын тигізіп, қандай да бір түйін түйетіндей бола алды деп үміттенемін. Алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін көп рахмет! Аяулы да нәзік қыздарымызды өнегелі, білімді ұрпақ етіп тәрбиелейік!

Сұхбаттасқан – Аймина Фархад