7 March 2025
Анамның аяулы құшағы
Ана – әр баланың өміріндегі ең беделді тұлға. Баланы өмірге әкеп, алғашқы қадамына куә болатын, тәлім-тәрбиесін, рухани құндылықтарын жетілдіретін де Ана. Өмірдің басты қағидаларын сіңдіретін адам.
Ана деген әрбіреуге берілетін атақ емес. Демек, ана атына лайықты болудың өзі жауапкершілік, бұл қаншама қиындықты еңсеру керек ауыр жол іспеттес. Ананың жүрегі әрдайым баласымен бір соғады. Баланың қандай да бір қиыншылықтары болса бірге қам жейтін, жетістігіне шын қуанатын туғаның.
Менің анам жарық дүниеге аман әкелген, нағыз аналық махаббатын көрсетіп, бойыма сіңіре білген жан. Өмірдегі ең жақын адамым да анам. Отбасылық қарым-қатынастан бөлек, дос ретінде де ерекше қолдауын аямайды. Ешбір құрбыға бергісіз жан ол менің мамам.
Кішкентайымнан бәріне баулыса, қазір өзіммен бірге сырласады. Кеңес керек болса, көмек қажет болса үнемі анама жүгіремін. Алдымда ерген екі үлкен апайым бар. Анамның өзінде бір туған апай-сіңілілері жоқ болса да, бізді тату тәтті, берекелі болып өсіруде. Үш қырлы, бірегей қыздарды өсіріп, әрбіреуінің тәрбиелік фундаментін қалау оңай емес. Сөздің шыны керек, анам бірнеше адамның рөлін атқарады. Мен үшін ол ана да, құрбым да, психологым да болып кететін кездер аз емес. Қазіргі заман тілінде “коуч” деген атаққа да ие бола алады.
Ана туралы айту қиын, себебі оның рөлі шексіз, сезімдері терең. Ана болу бұл үлкен жауапкершілік пен ауыртпашылықты үйлесімді түрде шебер ілестіре білу. Жолындағы қанша қиындыққа қарамастан анада махаббат пен үлкен сезімдер әлемі бар. Сол үшін де әр ана бала үшін ең жақын адам болып қалады.
Барша аналарды 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын! Аналарымыз әрдайым бақытты болып, жүздерінен күлкі кетпей, жанымызда ұзаққа жүрсін!
Авторы: Амира Сергейқызы