3 October 2024
Ардагер энергетиктің сара жолы
Өзіңізді бір сәт электр жарығынсыз елестетіңізші… Өміріңіз абыр-сабыр күйге түседі, не ғаламтор, не телефон жоқ, қарапайым шәй қойып ішу мүмкіндігінсіз қалатыныңыз рас. Осындай төтенше жағдай орын алғанда бірінші іздейтін адамымыз – энергетиктер. ҚР энергетика саласының үздігі, жарық жүргізу саласының ардагері, зейнеткер Амангельді Нұрахметұлы Ахмеров TV SCHOOL тілшісіне қиындығы мен қызығы мол сала туралы, еңбек жолы және жастар жөнінде өз ойымен бөлісті.
– Амангельді Нұрахметұлы, Сіз энергетика саласына қалай келдіңіз? Еңбек жолыңыз неден басталды? Өткенге көз жүгіртсеңіз…
– Энергетика саласына мен 1977 жылы келдім. Өзім бала күннен қызығушы едім. Бітірген мамандығым басқа болсада, осы салаға келдім. Катонқарағай ауданы, Өрел ауылында еңбек жолымды электромонтёр болып бастағанмын. Сосын кезекші подстанцияны біріктіре жүрдім. 15 жылдан кейін участок аштым, сол жерде 7 кісі болып жұмыс істедік. Қармағымда 3 үлкен подстанция болды: Өрел, Берел және Арасанда. 1997 жылы бастықтардың нұсқауы бойынша Катонқарағай ауданына өз бағытым бойынша бастық болып тағайындалдым. 2020 жылға дейін тынымсыз еңбек еттім.
– Бала күніңізде физика пәнін жақсы көргеніңіз рас па? Қиын сала несімен қызықтырды?
– Иә, физика, черчение, геометрия пәндерін жақсы көрдім, қалғандарын онша жақсы көре қойған жоқпын. Мұғалімдер сабақтан кейін үйлеріне шақырып, қосымша сабақ берді. Пәнді түсінген сайын қызықтыра береді. Әскерге барғанда да қызығушылық жоғалмады.
– Өмірлік жолыңызды таңдауға не түрткі болды?
– Электроника, электр бағытына қызығушылығым басым болды. Өзімнің көңіліме жағатын болғандықтан оқыдым. Ол кезде телефон жоқ, журналдардан қарап іздендім. Ақырындап теледидарларды жөндей бастадым. Бос уақытымда осы іспен көбірек айналыстым. Уақыт өтіп, бқл техника да жаңара түсті. Қазіргі айфон сияқты телевизорлар да жаңара берді. Сауатымды ашу үшін оқу оқыдым. Алматы қаласына оқуға барып, кейін Санкт-Петербургке 1 айға жол тарттым. Барлығы білім алу мақсатында.
– Бұл мамандықтан басқа саланы қарастырдыңыз ба?
– “Механизация”, “Тракторная техника”, “Спецтехника” саласын қарастырдым. Жалпы механика жаққа көп көңіл аудардым.
– Еңбек жолыңызда қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?
– Бірінші жылдары қиындықтар болды. Қандай да бір қателіктер болса жаныңда көмектесетін кісі жоқ, құжаттар іздеп, ақауды табуға тырыстым. Халықпен жұмыс істеу де қиынға соқты. Электр жүйесінен гөрі аудандағы кісілермен жұмыс істеу оңайға түспеді. Жұмыстағы әріптестермен қарым-қатынасты адами тұрғыда реттеу үшін үлкен тәжірибе керек. Ақша жоқ, азық жоқ заман еді ғой, осы мәселелерге жұтылған халықпен тіл табысу көп уақыт алды.
– Осы саланың дамуына тоқталыңызшы? Сіз еңбек еткен жылдар мен қазіргі өзгеріс қандай?
– Өзгерістер өте көп. Бұрынғы совет үкіметінен қалған құралдар, подстанцияның бөлшектері, сонау 60 жылдары шығарылған ескі заттармен жұмыс істедік. Қазір ғылымның дамуына байланысты нанотехнология, наноматериалдар шықты. Бұрын құжатты өзіміз толтыратынбыз, енді компьютермен жазып, қоңырау шалып байланысқа шығуға болады. Біздің кезде байланысқа шығу қиындық тудыратын. Қазір адамға жұмыс жетерлік, тек ниет керек, қалғанының бәрі бар.
– Энергетик болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жұмыс істеңдер деп айттым, қазір де айтамын. Қазір жастардың көбі осы салаға келгісі жоқ. Тіпті оқудан қорқады. Басты адамда ниет болса келешек жоғалмайды. Жастарға айтарым, дұрыс кәсіби маман болу керек, ол үшін оқу бітіру қажет. Жоқ дегенде біздің Өскемендегі колледжде жақсы мамандар шығарады. «Диплом аламын да жүре беремін» деуге болмайды. Істеймін деген адамға бәрі қызық болады. Қазіргі заманда оқып, жету басты мақсат. Оқу бір бөлек, жұмыс істеу бір бөлек.
– Амангельді Нұрахметұлы, әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!
СҰХБАТТАСҚАН – АМИРА СЕРГЕЙҚЫЗЫ