2 December 2024
Жаңа бейне: жас фотографтың еңбек жолы
Фотография – тек суретке түсіру емес, бұл әлемді өзгеше көру, түсіну өнері. Бұл әлемге жаңа әрі ерекше көзқараспен қарайтын жас фотограф Сәнияның шығармашылығын сипаттайды. Оның фотообъективі арқылы біз күнделікті өмірдің мәнін түсініп, табиғаттың сұлулығын және адамның әдемі болмысын көре аламыз. Біз Сәниямен оның шығармашылығы, жеке көзқарасы және болашақ жоспарлары туралы әңгімелестік.
– Бұл салаға қызығушылығыңыз қашан пайда болды?
– Мектеп кезінен пайда болды. Отбасымдағы жандар сурет өнеріне жақын болғандықтан, мен де сурет салуға қызықтым. Кейін өзіме ұнаған әдемі көріністерді ең алдымен фотоға түсіріп, қағаз бетіне түсіре бастадым. Бәлкім бұл әдет менің бойымда фото өнеріне деген махаббатымның негізін қалады.
– Бұл саладағы алғашқы қадамдарыңыз қандай болды? Бәлкім қандай да бір қызықта жағдайлар болған шығар?
– Жоғарғы оқу орнына түскен кезде қосымша табыс көзін табу мақсатымен қаламыздағы фотостудиялардың біріне әкімші ретінде жұмысқа орналастым. Кейін студия иесі менің фото саласына деген ынтамды байқап, мен үшін өте тиімді ұсыныс жасады. Студия фотографы болу туралы ой маған ұнай кетті. 1 ай көлемінде өзімді фотограф ретінде сынап, қолымды машықтандыра бастадым. Бұл ұсыныс менің фото саласына деген қызығушылығымды арттыра түсті деп айта аламын.
– Алғашқы фотосессияңыз қалай өтті? Қандай сәттер мен эмоциялар сіздің жұмысыңызда басымдылыққа ие?
– Жеке өзіме тәжиребе ретінде ең әуелі студияға модель шақырдым. Әрине, бастапқыда қобалжу болды. “Бұл кісіге менің суреттерім ұнар ме екен? Жақсы нәтижені көрсете аламын ба?” деген күмәнді ойлар пайда болды. Дегенмен де, келген қонағыммен тез арада тіл табысып, ерекше атмосферада түсірілімді өткіздік. Сол сәттен бастап фотограф – бұл тек қана объектив арқылы бейнені көрсету емес, түсірер объектің мен кейіпкеріне ғашық болып, оны мейілінше әдемі қырынан көрсете білу өнері екенін түсіндім. Ал бұл үшін комуникативтілік қасиеті болу қажет.
– Жеке өз басыңыздың фотограф ретінде ұстанымыңыз қандай? Нендей факторларға ерекше мән бересіз?
– Мен санға емес сапаға жұмыс жасаймын. Сол себепті түсірілім барысында әр ұсақ-түйектерге ерекше назар аударамын. Өйткені мен үшін әдемілік пен қатар эстетика да маңызды. Жалпы жеке өз басыма әр клиентімнің көңілі толып, жылы лебіз білдіргендері мен үшін еңбегімнің басты нәтижесі деп есептеймін.
Жас фотографтың шығармашылығы – бұл тек техникалық шеберліктің немесе кәсіби құрал-жабдықтың жиынтығы емес, терең философия мен шынайы көзқарастың көрінісі. Оның жұмыстары арқылы біз адамдардың эмоциясын, табиғаттың сұлулығын және күнделікті өмірдің қарапайым сәттерін жаңа көзқараспен көре аламыз. Әр сурет – бұл автордың ішкі әлемін, оның өмірге деген жеке көзқарасын көрсету құралы.
Фотографияның мәні тек көріністі емес, сол сәттегі терең мағынаны табуында. Бұл өнер адамды түсіну, оның жан-дүниесін бейнелеу және өмірдің сұлулығын сақтау мақсатында жасалады. Ал болашақта жас фотографтың жаңа жобалары мен көрмелері арқылы біз оның шеберлігін әрі қарай дамып, үлкен аудиторияға танытатынына сенімдіміз.
Бұл шығармашылықтың басты ерекшелігі – жаңашылдық пен өзіндік стильдің тереңдігі, әрі кез келген қиындықты шығармашылық тұрғыдан шешу қабілеті. Осылайша, жас фотографтың жұмысы тек кәсіби салада ғана емес, адамдардың жүрегінде де із қалдырады.
Авторы: АЙМИНА ФАРХАД