7 March 2025


Жердегі жұмақ- ана

Ана – бұл әлемдегі ең қасиетті ұғым. Әрбір баланың өміріндегі ең маңызды адам, ол – жүректің терең түкпірінде мәңгі орын алған тұлға. Ана – бұл тек биологиялық байланыс емес, жан дүниеңнің тереңіне бойлаған махаббат пен шексіз қамқорлық. Ол – әрбір жанға өмір сыйлаған, жүректі мейіріммен толтырған, арман-мақсаттарға қанат бітірген асыл жан. Ана өз баласын тәрбиелей отырып, оны әлемнің қатал сынақтарына даярлайды. Ол шексіз мейірімін аямастан, қаншалықты ауыр болса да, бәрін ұмытқандай болады. Оның жүрегінде тек махаббат, үміт, және сенім ғана бар. Ана – ол перзенті үшін мәңгілік күш пен қорғаушы, әрқашан дұшпаннан да, қиындықтан да, ауыртпалықтан да қорғап қалатын тұлға.

Ананың маңызын, бұл әлемдегі орнын Алла Тағала Құранда да баяндаған. «Анаң сені әлсіреген екі кезеңмен көтерді…» (Ахқаф сүресі, 46:15) деп, оның ауыр еңбегі мен төзімділігін ерекше атап өткен. Бір сәт ойлап қараса,  ананың баланы дүниеге әкелген сәттегі азапты сәттері мен төккен терін, сәбиіне арналған әрбір ыстық ақ тілегі шексіз құрметке лайық. Ана болу – бұл барынша өзіңді құрбан ету. Ана өмір сыйлап қана қоймай, оны дұрыс жолмен жүріп өту үшін ұлы мұралар қалдырады. Ол өмірінің ең қиын сәттерінде де үмітсіздікке түсірмей, әрдайым қолдау көрсетеді. Анаға деген құрмет – өмірдегі ең үлкен құндылық. Әрбір күлкісі, әрбір қамқор сөзі, алтыннан да бағалы. Өмірдің әр күнінде анаға тек алғыс айтып, оның барлық жасаған жақсылықтары мен қиындықтарын есте сақтау керек.

Ана болу – бұл тек дүниеге бала әкелу ғана емес. Ана – бұл жауапкершілік, ауыртпалық, сонымен қатар сүйіспеншілік. Ол баласының болашағын, оның жолын терең ойлап, әрқашан оны жақсыға бағыттауға тырысады. Оның жүрегінде ешқашан өзіне арналған уақыт жоқ, оның басты міндеті – өз баласының бақыты мен әл-ауқаты. Осылайша, ана баласының ең бірінші әрі мәңгілік ұстазы болып қала береді. Ана өмірдегі ең жарқын сәуле, әрі оны құрметтеу – әрбір жанның қасиетті борышы.

Менің өмірімдегі ең маңызды және жақын адам – ол менің анам. Мені әкемсіз өсірді. Бірақ, мені ешқашан әкемді сағынып, оның жоқтығын сезінуге мүмкіндік берген жоқ. Керісінше әрқашан мені түрлі қызықты істермен айналысуға, көңілімді аулауға тырысты. Күні-түні жұмыс істеп, ешқашан шағымданбады, бос уақытын тек маған арнады. Анам ешқашан маған шектеу қойған емес, керісінше, менің жаңа қызығушылықтарымды қолдап, сол жолда нәтиже шығару үшін барын салды. Ол әрқашан маған мейіріммен түсіндіруге тырысып, мені дұрыс жолға бағыттап отырды.

Анам – менің ең жақын сырласушым. Ол әрқашан жанымда болды, мен қандай қиындықтарға тап болсам да, оның қолдауын сезіндім. Ол менің сұрауым бойынша әрқашан көмек көрсетіп, проблемаларыммен бірге бөлісіп, бірге шешім табуға тырысады. Анам – мен үшін нағыз мотиватор. Оның қажымас еңбекқорлығы, шыдамдылығы мен батылдығы мені әрқашан алға жетелейді. Анамның өмірі маған үлкен үлгі болып, мені әр күн сайын алға ұмтылуға шабыттандырады.

Анашым сізге мың алғыс! Маған арнаған қолдауыңызға, мейірміңізге, қамқорлығыңызға… Мен үшін сіз үлгі тұтар адамсыз! Сізге қарап еш уақытта берілмей, істі жарты жолда қалдырмай тек алға жүруге тырысамын. Сіз мен үшін тек қана ана емес, жан құрбы, сырласушы, ұстазым, шабытымның шыңысыз. Мен сізді қатты жақсы көремін!

Авторы: Амина Самратқызы