7 March 2025


Пейіштің қасиетті нұры

Ана дауысы – өмірдің алғашқы жыры, әлемге қадам басқан сәтте айтылған дұға. Ана құшағы – өмірге орнатылған ұя, жан тыныштығының мекені. Ана күлкісі – күннің шығысы, жанды байытып, нұрға бөлейтін әсем әуен. Ана бақыты – баласының қуанышы мен шалқыған шаттығы. Ана – күллі адамзатқа ортақ алтын қазына, бақыттың алтын діңгегі, тіршіліктің бастауы.

Менің анам мен үшін ең жақын жан. Жүрегімде ерекше орын алатын тұлға. Басымнан өткен әрбір оқиғада анашым менің жанымнан табылар арқа сүйерім. Көзімді ашқан сәттен-ақ бұл кісі әрдайым маған қол ұшын беріп, түн ұйқысын төрт бөліп, уақыты мен күшін аямай менің дамуыма үлес қосып келеді.

Төрт сәбиге өмір сыйлап, оларға өнеге мен қолдаушы болып келе жатқан анам еш қиындықтың алдында мойымай, жүрек тазалығы мен даналығын бойында сақтаған жан. Сол қасиеттерімен ұрпақ тәрбиелеп, пәктікке құштар, пасықтан қашық болуға үйрету – қаншалықты ауыр парыз десеңізші?! Анам бұл жауапкершілікті жүрегімен сезініп, өмірінің мағынасына айналдырған. Осы мақсатта, тіпті маңсабын тастап, бар ғұмырын перзенттері – бізге арнады.

Анашымның парасаттылығы тіпті оның балаларымен сөйлескен кездерінде байқалады. Сөйлеген сайын әлемнің сырлы сәулесі аңғарылады, әрбір сөзінде даналық тынысы сезіледі. Анашыммен ой бөлісіп, біраз шер тартқан әр адам оның кішіпейілділігіне, жан сұлулығына тамсанатынына менің күмәнім жоқ. Оның даналығы – өмір көрген жандікідей терең, ал мейірімі мен пәктігі – балғын жастықтай мөлдір.

Анашымның әр төккен тері мен бізге әр қиылған түні үшін мен мәңгілікке қарыздармын. Оның жұмсаған күші менің болмысымның, көзқарасым мен мінезімнің негізін қалады, сол себепті мен өзімді анамның бір бөлігі ретінде санаймын. Өмір айдынында дос пен ақылшы, қамқоршы болатын адамның болуы – нағыз бақыт. Бұл бақытымды аңғарғаным да асыл жан – анамның арқасы.

Анамның мейірі мен жан жылуы оны Тәңірдің ерекше қамқорлығы мен махаббатына бөлейтініне күмәнім жоқ. “Анаңды қадірле – жәннат есігі оның табанында” – деген сөздер бұлтартпас ақиқат. Қаншалықты тырыссам да, бұл кісінің түпкі бақыты – менің мәңгілік борышым болып қалады. Десе де, мен бұл жалғанда оның ақ сүтін ақтау үшін барымды салуға дайынмын.

Авторы: Айсу Жалынқызы