2 December 2024


Фотография әлеміне енді қадам басқан жас талант

Фотография — бұл тек суретке түсіру ғана емес, ол адам өмірінің, сезімдерінің, ойларының бейнесі. Еңбек жолын енді бастаған фотографтар үшін бұл сала өз сұлулығына, қиындықтары және мүмкіндіктерге толы. Жас фотографтың әлемге деген көзқарасы мен өнерге деген сүйіспеншілігі оның шығармашылығында айқын көрінеді. Қазіргі уақытта бұл салада өз орнын табуға ұмтылған жастардың саны аз емес. Сондай жандардың бірі – Сәния Қымбатова.

– Сәния, бұл салаға қашаннан бері қызуғышылық таныта бастадыңыз?

– Бәрі мектеп кезінен басталды. Менің отбасым сурет салғанды ұнататын. Сол себепті менде суретпен айналыса бастадым. Ең басында мен өзіме ұнайтын дүниелерді суретке түсіріп, қағаз бетіне бейнелейтінмін.

– Фотография саласынадағы алғашқы қадамыңыз қандай болды? Ең бірінші тәжірбиеңіз туралы айтып берсеңіз? Алғашқы сезімдеріңіз ше?

– Университетке оқуға түскен соң қаладағы фотостудияға жұмысқа тұрдым. Сол жердің иесі менің суретке деген қабілетім мен ынтамды байқап, фотограф болуға ұсыныс жасады. Бір ай көлемінде тәжірбие жинап, осы мамандықтың қыр-сырын, оңай және қиын жерлерін біліп, үйрендім. Ең бірінші тәжірбие ретінде Яна деген модельмен жұмыс жасағанмын. Басында қобалжу болды, өзімнің жұмыстарымнан күмәндандым. “Мүмкін суреттерім ұнамайды, тапсырыс берушінің көңілінен шықпай қалса ше?” деген ойлар болды. Бірақ өзімді тек жақсы жағынан көрсетуге тырыстым. Тіл табысып, мақсатын білуге ұмтылдым. Бірінші тәжірбием мен үшін маңызды болды. Бір фото арқылы бүкіл өмірін, әйел адамның болмысын, өмірге деген көзқарасын көрсеттім.

– Ал тәжірбие барысында сәттсіз жұмыстар болды ма? Сын-пікірді қалай қабылдадыңыз?

– Иә, болды. Ең алғашқы жұмысым ақылы болған. Бұл менің бірінші комерциялық, отбасылық фотосессия еді. Тапсырыс беруші басында 5-6 фото жеткілікті екендігін айтты. Бірақ мен сағатына 100-ден астам фото жасайтынымды түсіндірдім. Маған “аяқ асты жасалған кадрлар” ұнайды. Сондықтан барынша көңіл-күйлерін көтеріп, шынайы эмоцияларын фотоға түсірдім. Уақыты келгенде өңделген шамамен 30-дан астам сурет жібердім. Бірақ клиент разы болмады. “Суреттер жеткіліксіз”, “басқалары қайда”, “көп түсіп едік қой” деп назын білдірді. Барлық суреттердің өңделмегенін түсіндіруге тырыстым. Ең бірінші отбасылық жұмысым болғандықтан мақтау емес, кем дегенде ұнады деген пікірді күткенім рас. Оның орнына “бізге ұнамады”, “сіз аз фото жазасадыңыз” деді. Сол себепті өңделмеген барлық суреттерді жіберуге тура келді.

– Әлемдік нарықта үлгі тұтатын фотографтар бар ма?

– Негізі сырттай тамашалап келген кейіпкерім болған жоқ. Осы салаға келгеннен кейін, инстаграм желісінде Ресей фотографтарының жұмыстарын қарай бастадым. Осылай фотоларды тамашалап жүріп, Өскемен қаласының фотографы Анна Калининаның жұмыстары ұнай бастады. Шабыттанып, әртүрлі идеялар алып, осы салаға жоспарларым көбейді.

– Фотограф болу үшін адам қандай қасиеттерге ие болуы керек?

– Фотограф болу үшін қасиет емес, қалауы болса сол маңызды. Сен әлемді қалай көресің, қалай ұнайды солай суретке түсіру керексің. Басқалардың пікірі маңызды емес. Сол себепті фотограф болу үшін қасиет маңызды емес деп білемін. Тек ынтаңыз керек.

Сәния — бұл салаға жаңа қадам басқан жас фотограф. Оның шығармашылығында адамдар мен табиғаттың әдемілігін, сондай-ақ солардың ішкі әлемін көрсетуге деген терең ұмтылыс байқалады. Фотография оның тек кәсіби ісі ғана емес, өмірінің мәні мен мақсатына айналған. Алдағы уақытта оның шығармашылығы жаңа биіктерге жетіп, көпшілікті таңқалдыруы әбден мүмкін.

Авторы: Амина Самратқызы