13 February 2025
Қазақтың біртуар тұлғасы
Фариза – бұл есім бүгінде өрлік пен ерліктің, сыршыл сұлулықтың, ұлылықтың символы. Фариза біреу де болса, бірегей деген ұғымды білдіреді. Оның отты жырлары ұлттың қуанышы да, жұбанышы да болған. Фариза ақын шөл мен көл тоғысқан топырақта туып өскендіктен, оның болмысы да сол топыраққа тартқан сыңайлы. Ақын поэзиясының іші толған сезім.
Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда қазіргі Атырау облысындағы Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келген. Мектеп жасында-ақ ол кісі Қобыланды батыр жырын жатқа оқыды. Алайда, сол заманда бүкіл елді қалжыратқан сұрапыл соғыс тұтастай ұрпақты ерте есейтті. Фариза Оңғарсынованың да балалық шағы сол сұрапыл жылдарға дөп келді.
Фариза он баланың кенжесі. Алайда, бауырларының көбі ерте қайтыс болып кетеді. Болашақ ақын бас-аяғы алты жылда жанына жақын үш бірдей адамынан айырылды. Неше түрлі жоқтауды есі кірмей жатып естіп өссе де, құйтақандай кезден-ақ қайсар мінезімен ерекшеленді. Еңбек жолын қарапайым ауыл мектебінде ұстаздық етуден бастаған ақын кейінде 1968-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакциясында Гурьев, Ақтөбе және Орал өңірлерінің меншікті тілшісі ретінде жұмыс істеді.
Ертеректе неміс баспасының аудармашысы Ильза Чертнер деген әйел Фариза Оңғарсынованың үйіне қонақта болған. Сонда қойдың үйітілген басына үрке қарап, сылқылдай күлген аудармашы мен оның серігінің әрекеті Фариза ақынға жақпай, оларды үйінен қуып шығады. Сол кезде Фариза: “Дәстүрімді сыйламаған адам, өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын” депті.
Ақын анамыздың шығармашылығы туралы сыр шертетін болсақ, оның өлеңдерінде әйелдер тақырыбы жиі жырланды. Тек жай жырлау емес, қазіргі заман талабының биік өрісіне лайықтап жырлау Фариза туындыларының бір қыры еді. Ақынның шығармашылығына тән басты қасиет – шындықты ту ететіндігінде. Оның бұл қасиеті кез-келген туындысынан айқын көрініп тұрады.
Фариза Оңғарсынова алғашқы өлеңдерінде Қазақстанның шөлді жерлерінің өзеруі, кең байтақ сусыз даланың ең шөлді бұрыштарына тіршіліктің келуі, ерлігі мен батылдығы кеңпейілділігінен кем түспейтін адамдар туралы жазды. Фариза ақын сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Бірде оттай шарпитын, енді бірде алапат дауылдай теңселтетін махаббат сезімін басуға, жүрегін жандырмай, жан дүниесін таза ұстап қалуға көмектескен қандай құдірет күш.
Фариза өлеңдерінің құдіреті асау мінез, шалт қимыл мен ащы шындықты жырлайды. Әр сөзі мірдің оғындай Фариза ақын халықтың мұң-мұқтажын көре жүрді, көп мінбеден көтере білді.
Қазақтың ақын қызы депутат бола жүріп, әйел азаматтарды басшылыққа тарту мәселесін көп көтерді. Бірнеше қазақ қыздарының саяси қызметтерге келуіне себепкер болды. Ақын жалпы әйелдердің билік басында жүргенін жақсы көрді. Фариза Оңғарсынова қазақтың қызы осындай болсашы деген ойынан шыққандардың бірі, күрделі министрлікті басқарған қазақ қыздарының бірі Зағипа Бәлиева болатын. Фариза қазақ жастарының, әсіресе қазақ қыздарының шын жанашыры бола білді.
Артына өшпес асыл мұра қалдырған қазақтың ақын қызы 2014 жылдың 23 қаңтарында 74 жасында дүниеден озды. Жанбасын мәңгілік тонға төсегенімен, ақынның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын сандығында ұлы қазына ретінде сақталған.
Авторы – Айсу Жалынқызы