7 March 2025


Құдайдан кейінгі құдірет иесі – ана

Әр адам көзін ашып дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – Ана. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – Ана. Әрқашан дұрыс, таза жүр, адал бол деп тілейтінде – Ана. Ана, бұл жел жағымызға пана, бәріміз үшін дара, дана тұлға. Ана дегенде сөзге келмейтін тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, шаңырағының құламауын сәбидің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, қызыл гүлдің солмауын тілейді.

Асыл ана туралы қасиетті де құдіретті сөздер, аңыз-әңгімелер жеткілікті. «Жәннат – ананың табанының астында» – деген сөз бар. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мағына жатқаны аян. Өмірдің мәні мен сәніне айналған ардақты аналарға берілген ең лайықты баға.

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» – деген халқымыз. Қандай дөп айтқан ой десеңізші. Шындығында әйелдер қауымынсыз мына әлемді елестету мүмкін емес. Иә, құдайдан кейінгі құдірет иесі – ана. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бәріміз де бас иеміз. Бүгінде ұрпақ өсіруімен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық.

Авторы: Аяла Нұрлыбек