2 October 2024


Алып вагон дөңгелегін жонған жан

Теміржол десе пойыз, жолсерік, машинистер есімізге түседі. Ал оның артында қиын жұмыстармен айналысатын жандар жайлы көбі біле бермейді. Мысалға, алып вагондардың дөңгелектерін жонатын мамандар бар екенін естіп пе едіңіз? Осы саланың белді өкілінің бірі – Бекболат Қалиханұлы. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық туралы бүгінгі сұхбатымызда.

– Бекболат Қалиханұлы, бұл салаға қалай келдіңіз? Осы мамандықпен айналысқаныңызға қанша болды?

– Теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілім –  28 жыл. Сонау 90-шы жылдары тоқырау кезеңінде жаппай жұмыссыздық болған. Сол шақта локоматив жөндеу депосына жұмысқа тұрып, жылжымалы құрамды жөндеу жөніндегі слесарь, доңғалақты жону токары, технолог және филиал директорының орынбасары жұмысын атқардым. Бірақ тұрақты жұмыс ретінде токарь мамандығын тандап, 8 жыл еңбек етудемін.

– Жұмысыңыздың сіз үшін қиыншылығы қандай? Қауіпті ме?

– Иә, қауіпті. Өйткені біз қатты айналып тұрған қондырғымен жұмыс жасаймыз. Егер ол бұзылып қалса, оқыс жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Осы қондырғылармен доңғалақты жонғанда өткір де, ыстық жоңқалар ұшады. Бұл жоңқалар адамның кез келген мүшесін кесіп кете алады. Сол себепті, біз қауіпсіздік ережелерін сақтап, арнайы көзілдірік, киім мен каска киеміз. Бірақ, кейде ережелерді сақтаған жағдайда да жарақатсыз болмайды.

– Ал бала кезіңізде кім болғыңыз келді? Арманыңыз қандай?

– Бала кезімде суретші болуды армандайтынмын. 8 сыныпқа дейін Алматыдығы суретшілер училищесіне дайындалдым. Оқу орнына түсіп кететініме сенімді болдым. Алайда ата-анам қарсы болды, оның үстіне ауылда оқыған, қаланың тіршілігін білмейтін балаға үлкен ауыртпашылық болушы еді. Жоғарғы сыныптарда менің әдебиет мұғалімім Қанипа Омарғалиқызы гуманитарияға жақын екенімді байқады. Мені КазГУ университетінің журналистика факультетіне дайындамақ болған. Алайда өзім келіспегенмін.

– Бүгінде шешіміңізге өкінбейсіз бе?

– Әрине, өкініш бар. Мүмкін токарь жұмысын атқарғандықтан қарапайым, жақсы адам шығармын. Дегенмен журналистика саласында биік шыңдарға жетіп, көтерілгенімді көтере алмай, мүмкін адами қаситтерімнен айырылып қалар ма едім.

– Ауыр темірлерді жону оңай емес. Дегенмен бұл істі алып жүру үшін қандай қасиеттер маңызды?

– Жұмысымыз техникамен байланысты болғандықтан мұқият және тиянақты болу керек. Себебі техника қателіктерді кешірмейді.

– Жастар жағы көп пе? Қиын жұмысқа шыдай алуда ма?

– Бәрі бұл салада тоқтала бермейді. Жастар тез арада көтеріліп, көп табыс табуды қалайды. Бірақ осы сала болсын, басқа да болсын барлығы тәжірбие арқылы келеді. Мұны түсініп жатқан жастар қалып, көтерілуде.

– Қазіргі өскелең ұрпаққа кеңесіңіз қандай? Әдетте жастар оңай жолмен табыс табуды көздейді ғой.

– Иә, келісемін. Жастарға ақшаны тез табуды емес, тәжірибе жинай отырып, табыс алуды үйрету керек. Өзінің жаратылысына сай мамандықты тауып, шебері болу керек. Орыс халқы айтпақшы «отшлифовать свое мастерство» сондай деңгейге жеткізсе келешегі жарқын болады.

Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан: Амина Самратқызы