27 May 2025


Жаңа заман жаршылары

Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Абай Құнанбайұлы аттары әр қазақ баласына мәлім. Бұл тұлғалар, сонымен қоса, Алаш партиясы, “Жас тұлпар” сынды ұлт-азаттық және ағартушылық істер жүргізген ұйымдар мен қауымдастықтардың белді тұлғалары. Сонау жылдары абат елді ала айран еткен Совет Үкіметінің билігі кезінде сұрапыл заманның қыспағында қалған қазақ елін қараңғылықтан шығарып, білім мен ілімге жетелеген болатын. Дегенмен, бүгінде де заман лебімен ілесіп даму үшін Қазақстанға жас ұрпақтың көкірегін оятатын сол зиялылардың болуы маңызды. Қуанышқа орай, қазақ елі егемендік алғаннан кейін де білім алу тілегінің туын көрсеткен тұлғалардың жолын қуған жаңа зиялы қауым жоқ емес деп мақтана алады.

Қазақ жастарына дұрыс жол сілтеп, парасаттылыққа құштар, пасықтықтан қашық болуға үйрететін зиялылардың бірден-бір мысалы ретінде қарапайым ауылдан шыққан Әсел Амангелдіні айтуға болады. Әсел Амангелді – Назарбаев Университетінде білім алып, кейін өз күшімен Гарвардқа оқуға түскен қазақ қызы. Бұл оқу орнында білім алумен қоса, ол қазақ ұл-қыздарына ағылшын тілін меңгеруге көмектесетін LingvoEdu және PlayLish платформаларының негізін қалап, білім көкжиегін кеңейтуде. Бүгінде Әсел Амангелдіні көп жастар үлгі тұтады, себебі бұл тұлға оқу мен ілімнің бақыттың алтын діңгегі екенін көрсетіп, ынталанған жанның қолынан кез-келген дүние келетінін дәлелдеп жүр. Өзінің бір сұхбатында Әсел Амангелді: “Ел болам десек, білім жүйесін өзгертуіміз керек” – деп, Гарвардтта дәл бұл игі мақсатта білім алатынын айтып кеткен. Сол себепті оны қазақ халқына жол сілтер сарабдал тұлға екенін еш күмәнсіз айтуға болады.

Ағарту жолында келе жатқан жандар тек тәжірибе жинап, көпті көргендер деп санау – өрескел қателік. Жаңа Қазақстанның іргетасын қалауда халықтың көкірегін Совет Одағы кезеңінен жегідей жеп келе жатқан бақкүндестік, қараңғылықпен күресу үшін қазақ жастары да ағартушылық істі жүргізуде. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Елнар Салпеков бастаған Ziyatker атты ұйым күллі республика бойынша оқушылар мен студенттерге бірдей мүмкіндіктер беру мақсатында Shejire бағдарламасы, UPenn, Cornell университеттеріне оқуға түскен мектеп түлектерімен кездесулер сынды сан алуан іс-шаралар жүргізеді. “Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп” – дегендей, бұндай істер арқылы Ziyatker ұйымы жас қауымды бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп, жаңа есіктер ашады. Бұл, өз кезегінде, жас буынның көзі ашық, әрі көкірегі ояу болатынына кепілдік береді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бүгінгі ағартушы тұлғалар заманның шамшырақтары. Олар білім көкжиегін кеңейтіп, халық игілігіне қызмет етеді. “Ғылым-теңіз, білім-кеме”, қазіргі кездің интеллигенциясы өркениеттің өрлеуіне жол ашады. Білімді таратумен қоймай, оны өмірге енгізумен айналысатын дәл осындай жаңашыл ойшылдар – болашақты қалыптастыратын нағыз ағартушылар.

Авторы – Айсу Жалынқызы