2 December 2024
Әлемді камера объективі арқылы көретін маман
Әлемде қаншама мамандық бар?! Солардың бірі – айналаны камераның объективі арқылы көретін фотографтар. Жас тілшілер мектебіне еңбек жолын енді бастаған фотограф Сәния Қымбатова келіп, бізбен тілдескен еді. Жас тілшілер болып сұхбат алдық, фотографтың жұмыс барысын көріп бақыладық.
– Фотограф болудың қандай қиындықтары бар?
– Фотограф мамандығы сырттан қарағанда жеңіл көрінуі мүмкін, бірақ шындығында, ол үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Ең үлкен қиындықтардың бірі – әрдайым шығармашылық формада болу. Әр түсірілімде жаңа идея табу, клиенттің қалауын дәл түсіну және оның үмітін ақтау үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ, техникамен жұмыс жасау, жарық пен атмосфераны дұрыс таңдау да кәсіби шеберлікті талап етеді. Кейде физикалық тұрғыдан да қиын болуы мүмкін, мысалы, ұзақ сағаттар бойы түсірілім жасау немесе күрделі жағдайларда жұмыс істеу.
– Өз жұмысыңыз көңіліңізден шығама?
– Көп жағдайда, иә ұнайды. Мен өз жұмысымнан үлкен ләззат аламын, әсіресе клиенттер суреттерді көріп, шынайы эмоцияларын білдірген сәт маңызды. Бұл маған шабыт береді және өзімді одан әрі дамытуға итермелейді. Дегенмен, кейде өз жұмысыма сыни көзбен қарап, жақсартуды қажет ететін тұстарды көремін. Бұл – менің өсуімнің бір бөлігі.
– Фотограф болуға деген құлшыныс қайдан пайда болды?
– Әу баста сурет салуға қызығатынмын, кейін суретті камера арқылы түсірудің ерекше екенін түсіндім. Бір сәттің қайта оралмайтынын түсінген сайын, оны суретке түсіріп, мәңгіге сақтауға деген құлшыныс пайда болды. Бұл өнер маған өмірдің ұсақ, бірақ маңызды сәттерін бағалауды үйретті.
– Болашақта фотографтар арасында кіммен жұмыс істегіңіз келеді?
– Болашақ жайлы көп нәрсе айта алмаймын, себебі мен үшін фотограф саласы жай хобби бола ма әлде одан да әрі биікке өрбитін мамандығыма айналама бұл маған беймәлім. Ал танымал фотографтармен жұмыс жасау үшін маған олардың деңгейіндегі тәжірибеге жетуім керек деп ойлаймын. Әр фотографтың стилі әртүрлі. Сол себепті қайсы болсада тәжірибем жетіп жатса неге бәрімен жұмыс істеп көрмеске?! Танымал фотографтарды тандағым келмейді, әр біреуінің стилімен танысып, одан сайын шабытым ашылса керемет болар еді дегім келеді.
– Сәния, жауабыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Айназ Манарбекқызы